Сағидулла Пірімжанұлы Досмағамбетов, облыстық балалар ауруханасының хирургия қызметі бойынша үйлестірушісі, хирург – эксперт, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің хирургия кафедрасының профессоры, медицина ғылымдарының кандидаты. Еңбек жолын 1978 жылы Ақтөбе қаласының Облыстық балалар клиникалық ауруханасында балалар хирургі болып бастап, 1983 жылы Ақтөбе медицина институтының балалар хирургиясы кафедрасының ассистенті болып тағайындалған. Бүгінгі күнге дейін аталған жоғары оқу орнында ғылыми және ұстаздық қызметін атқаруда. 1998 жылдан бастап Сағидулла Пірімжанұлы облыстың денсаулық сақтау саласына өз үлесін қосып, ұзақ жылдар бойы облыстық балалар клиникалық ауруханасының бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары лауазымында еңбек етті. Кәзіргі таңдада облыстық балалар ауруханасында хирургия қызметі бойынша үйлестіруші, эксперт-дәрігер лауазымында қызметін жалғастыруда.
Балалар денсаулығын қорғау ісінде атқарған еңбегі үшін Қазақстан Республикасының «Құрмет» грамотасымен, денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталып, 2008 жылы «Ақтөбе облысының Жыл адамы» деген атаққа ие болған. Ғалым жолында 8 ғылыми патенттің авторы.Сағидулла Пірімжанұлы — мыңдаған баланың өмірін арашалап қалған алтын қолды, аса тәжірибелі балалар хирургі.Ол облысымыздағы неонатальдік хирургияның негізін қалап, сонымен бірге өз артынан балалар хирургтерінің тұтас бір буынын тәрбиелеп өсірген ұлағатты ұстаз. Ол тек өз ісінің нағыз маманы, өте сауатты, білімді хирург — дәрігер және ғалым ғана емес, сонымен қатар қарапайымдылығымен тәнті ететін керемет, абзал жан, Елінің қадірлі азаматы.
Сағидулла Пірімжанұлы! Сізге шын жүректен зор денсаулық, ұзақ та мағыналы ғұмыр тілейміз! Алтын қолдарыңыз бен шипалы алақаныңыз талмай, ел игілігі жолындағы еңбегіңіз еселене берсін. Шәкірттеріңіз биік шыңдардан көрініп, атқарған әрбір игі ісіңіз бен құтқарған әр баланың күлкісі өзіңізге бақыт пен береке болып оралсын. Отбасыңызға амандық, бастамаларыңызға тек сәттілік тілейміз!
