Бүгін көпсалалы облыстық балалар ауруханасында «University Medical Center» Ұлттық Жүрек орталығының жетекші балалар кардиохирургтары мен кардиолог мамандарының қатысуымен клиникалық – білім беру сессиясы өз жұмысын «Бұқаралық ақпарат құралдары» өкілдерімен өткізілген брифингпен бастады. Брифингке «КТК» телеканалы, «Тенгриньюс» ақпараттық порталы, «Kerek.info» газетінің, «Aqtobe» телеканалының журналисттері қатысып, дәрігерлермен кездесу үстінде сұрақтарын қойды. Сонымен қатар, облыс тұрғындарына толық ақпарат жеткізу үшін, БАҚ өкілдеріне аурухананың санитарлық тәртібін сақтай отыра кардиохирургия бөлімшесіне кіріп, фото – бейне түсірілімдер өткізуге мүмкіндік берілді.
Астанадан жолданған мамандар құрамында:Горбунов Дмитрий Валерьевич, UMC жүрек орталығының балалар кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі; Иванова – Разумова Татьяна Владимировна, UMC жүрек орталығының педиатрия департаментінің директоры; Жанаткызы Айкерім, балалар кардиологі, Бесбаева Гүлжан Кемелбекқызы, кардиоанестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімшесінің меңгерушісі; Фаизов Линар Ринатович, перфузиолог дәрігер; Отарбаев Ерик Берікұлы, интервенциялық кардиолог. Аталған ауқымды шараның ұйымдастырушысы «Heart Center Foundation» қоғамдық қорының көздеген мақсаты — балалар арасында туа біткен жүрек ақауларын ерте кезеңде анықтау, емдеу тәсілдерін жетілдіру, мамандардың білімін арттырып, қарым – қатынастарын нығайту және туа біткен жүрек ақаулары бар балалардың отбастарын қолдау. Екі күндік сессия бағдарламасы өте ауқымды: 13 шеберлік – сыныптар жоспарлануда, оның ішінде ауыр туа біткен жүрек ақаулары бар 12 балаға кардиохирургиялық оталар жасау (2 — ашық жүрекке, 10- интервенциялық эндоваскулярлы оталар) және эхокардиография бойынша практикалық шеберлік сабағы. Сонымен қатар, «Пациенттер мектебі» аясында ата-аналармен кездесулер, ақпараттық көмек көрсету жоспарлануда.



