















27 желтоқсан күні көпсалалы облыстық балалар ауруханасына жұмыс сапарымен келген облыс әкімі А.Б.Шахаров, Ақтөбе қаласының әкімі А.Б.Бекет дәрігерлермен, ем алушы балалармен, ата – аналармен кездесіп, кішкентай пациенттерге көрсетіліп жатқан медициналық көмек барысымен танысты. Аурухана басшысы Н.Н.Кожин өңір басшысына медицина ұйымының бүгінгі әлеуетімен, инновациялық даму жолындағы жетістіктерді жеткізді. 310 – керуеттік қуаты бар көпсалалы облыстық балалар ауруханасына жылына 120 мыңнан астам науқас балалар жүгініп, 14 мыңына тәулік бойы стационарлық ем көрсетіледі. Аурухана балаларға хирургиялық көмек көрсететін, оның ішінде жоғарытехнологиялық кардиохирургиялық, нейрохирургиялық, жақ – бет хирургиялық, урологиялық, ортопедиялық оталар жасайтын батыс өңіріндегі ең ірі медицина ұйымы. Жылына кішкентай пациенттерге 5 мыңға жуық ота жасалады.
2023 жылдан бастап ауруханада мүмкіндігі шектеулі (сал ауруы, бұлшық ет атрофиясы, туа біткен гидроцефалия т.б.), сонымен қатар күрделі хирургиялық оталардан кейінгі науқас балаларға 38 – керуеттік тәулік бойы бөлімшесінде және амбулаторлық оңалту бөлімшесінде реабилитациялық көмек көрсетілуде. Бөлімшелер Швейцария, Польша, Чехия, Ресей мемлекеттерінің заманауи медициналық техникасымен жабдықталған және балалар оңалту емінің барлық түрімен қамтылған: емдік денешынықтыру, кинезиотерапия, физиотерапиялық ем, массаж, эрготерапия, нейросенсорлық терапия, бассейн, тұзды шахта, психолог, логопед – дефектолог мамандарының көмегі. Жылына 2500 ден астам облыстың шалғай аудандарынан, шекаралас өңірлерден жүгінген балалар оңалту емін қабылдауда (700 бала тәулік бойы бөлімшеде, 1800 амбулаторлық бөлімшеде).Кездесу барысында облыс басшысы оңалту бөлімшесінде ем алып жатқан балалардың ата – аналарымен сұхбаттасып, олар өздерінің ауруханадағы медициналық көмек сапасына көңілдері толып, қанағатты екенін білдірді.
Кездесу соңында Асхат Берлешұлы балаларды келе жатқан Жаңа Жылмен құттықтап, мерекелік сыйлықтар табыстады. Ал, медицина қызметкерлеріне балаларға көрсетілетін медициналық көмек сапасын заманауи технологияларды қолданып әрі қарай дамытуды тапсырды.
