Үстіміздегі жылдың 8 сәуірінен бастап Еліміздің басшысы Қасым – Жомарт Тоқаевтің бастамасымен республикалық «Таза қала» экологиялық акциясы өткізілуде. Акцияның 5 жетісінің әрқайсысы бір белгілі тақырыпқа бағытталған: «таза өлке», «киелі мекен», «жасыл аймақ», «өнегелі ұрпақ», «мөлдір бұлақ».
1 мамыр, «Қазақстан халқының достық пен бірлік күні», облыс әкімі А.Б. Шахаровпен бекітілген іс – шаралар жоспары шеңберінде, облыстық балалар ауруханасымен облыстық перинатальдік орталықтың аймағында 200 терек, шаған, шамшат көшеттері отырғызылды.
Ауқымды шараға Аналар кеңесінің, Қазақстан халқының ассамблеясының өкілдері, облыс әкімінің орынбасары Жұлдызбек Темірбекұлы Бисембин, денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрбол Қанатұлы Тымпиев, табиғи ресурстар және жер қойнауын пайдалану басқармасының басшысы Сәбит Қадрұлы Дүйсекенов, облыстық балалар ауруханасының және облыстық перинатальдік орталығының ұжымдары, Ақтөбе қаласының медицина ұйымдарының бас дәрігерлері, орынбасарлары, бөлім меңгерушілері қатысты.
Медицина қауымдастығының атынан өз ризашылығын М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің балалар хирургиясы кафедрасының профессоры Досмағамбетов Сағидолла Пірімжанұлы және облыстық перинатальдік орталығының бас дәрігері Гүлшат Балғазықызы Темірбаева білдірді.
Өткізілген акция ауруханалар ландшафтының көркеюі және қоршаған ауаның тазаруымен қатар, елге деген, өз қалаңа деген сүйіспеншілікті арттырары сөзсіз.