You are currently viewing БАР ЖАҚСЫЛЫҚ БАЛАЛАРҒА

БАР ЖАҚСЫЛЫҚ БАЛАЛАРҒА

Балаларды  қорғау  күні  қарсаңында  тағы  бір оңалту  орталығы ашылды.

«Қамқорлық»  деп аталатын  бұл оңалту  бөлімшесінде жылына мүмкіндіктері шектеулі 600   бала неврология, нейрохирургия, кардиохирургия, ортопедия – травматология  бағыттары бойынша  ем-дом  қабылдай алады. Оңалту  бөлімшесі облыстық «Ана мен бала денсаулығын қорғау» орталығының  жанынан ашылды. Мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту  бөлімшесі  Бірінші Президент және  «Самұрық Қазына» Ұлттық Қоры  мен Ақтөбе облысы әкімдігінің әріптестігі нәтижесінде іске қосылды.

Бөлімше  «Ана мен бала» орталығы ғимаратының екі қабатында 2000 шаршы метр жерге орналасқан,   өз алдына  жеке  кіре берісі  бар,  лифтімен  қамтылған. Облыстық әкімдіктен  бөлінген қаржыға оңалту  орталығына лайықталып қайта құру-жөндеу жұмыстары  жүргізілді.

«Қамқорлық»  бөлімшесі Еуропаның  озық өндірушілері шығарған инновациялық «4Д» форматындағы, кері биологиялық байланыс құрылғыларымен, гелио және шунгит, иппотерапия, механотерапия, эрготерапия  сияқты заманауи оңалту құрылғыларымен жабдықталған.

Балаларды оңалту бөлімшесінде еңбек ететін логопед,  эрготерапевт,  психолог,  дефектолог, емдік денешынықтыру нұсқаушылары  барлығы 29 маман  республикалық  орталықтан  арнайы дайындықтан өтті.

 Салтанатты жиынды  облыс әкімінің  орынбасары  Б.О.Елеусінова құттықтау  сөзбен  ашып, орталық жұмысына сәттілік тіледі.

«Балалар жылы» және  «Балаларды қорғау күні»  қарсаңында қолданысқа  берілген  «Қамқорлық» оңалту  орталығының  ашылу  рәсімінің  лентасын  профессор Б.Джаналаев пен Бірінші Президент қоры  жанындағы «Қамқорлық»  қорының  директоры А.Е.Еркінова  қиды. Оңалту  бөлімшесін  аралап оның жұмыс ырғағымен танысқан соң  ресми делегация  өкілдері  оңалту ем-домын  қабылдаушы балаларға  мерекелік  сый-сияпат  таратты.

«Қамқорлық»   оңалту  орталығында  балалардың сал ауруы (ДЦП), Даун синдромы, гидроцефалия, туа біткен  жүйке жүйесінің ақаулары және  нейрохирургиялық, травматологиялық, кардиохирургиялық күрделі оталардан кейінгі кезеңдегі  оңалту  шаралары атқарылады. Енді мұнда ай сайын 50 балаға жоғары оңалту- медициналық  көмек  көрсетілетін болады.