Медициналық ұйым басшысы Н.Н. Кожин өз баяндамасында облыстың балалар халқына медициналық көмек көрсету деңгейін көрсететін негізгі «сапаның нысаналы индикаторларына» қол жеткізу бойынша есепті ұсынды.
Аурухананың төсек қоры 310 төсекті құрайды, 14 клиникалық бөлімше жұмыс істейді. 2025 жылы 8 «іріңді хирургия», 2 токсикологиялық, 6 пульмонологиялық төсек (қолданыстағы 24 төсекке қосымша) ашылды.
Ауруханаға жүгінушілер саны жылдан жылға артып келеді. Өткен 6 айда медициналық көмекке 64 704 бала жүгінді, бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңіндегі жүгінулер санынан 14%-ға жоғары: оның ішінде қабылдау бөлімшесіне – 31 656 бала, консультативтік -диагностикалық бөлімшеге – 21 100 бала, травматологиялық пунктке – 11 948 бала қаралды. Стационарға 8 298 бала емдеуге жатқызылып, ем алды.
Жалпы өлім-жітім көрсеткіші 0,15%-ды құрады (2025 жылы – 0,34%), нәрестелер өлім-жітімінің көрсеткіші де 1,1%-дан 0,4%-ға дейін төмендеді. Өлім-жітім себептерінің құрылымында – туа біткен даму ақаулары, бас миының, қанның ісіктері, политравма (ауыр жарақаттар), сепсис.
6 ай ішінде 3336 ота жасалды (2025 жылы – 2890): оның ішінде 67 кардиохирургиялық ота, оның 18-і – магистральды тамырлардың транспозициясын толық қалпына келтіру, аорта резекциясы бойынша ашық жүрекке жасалған бірегей жоғары технологиялық кардиохирургиялық оталар.
Өткен кезеңде мүмкіндігі шектеулі 37 пациентке «Севоран» препаратын қолдану арқылы наркозбен стоматологиялық көмек көрсетілді. Облыстың шалғай елді мекендерімен 34 телемедициналық консилиум өткізілді, бұл телемедицинаның ауыл халқы үшін мамандандырылған көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталғанын дәлелдейді.
Медициналық персоналдың құзыреттілігін арттыру мақсатында Республиканың ғылыми орталықтарында 46 маман оқытылды.










