You are currently viewing Көзге көрінбейтін қауіп:балалардағы жасырын сынық

Көзге көрінбейтін қауіп:балалардағы жасырын сынық

Әдетте балалар әткеншектен қатты құлағанда немесе белсенді ойындар кезінде қол-аяғын сындырып жатады. Бірақ кейде сүйек ең қарапайым әрекеттен-ақ сынып кетуі мүмкін. Мысалы, бала табалдырықтан аттағанда, төсегінде аударылғанда немесе өз бойының биіктігінен құлағанда.

Мұндай жағдайларды патологиялық сынықтар деп атайды. Бұл — сүйектің қандай да бір ішкі себептерге байланысты басынан-ақ әлсіз болғанын білдіреді. Негізінде, баланың дені сау сүйегі өте икемді әрі мықты келеді. Ал оны келесідей факторлар әлсіретуі мүмкін: сүйек кисталары, дәрумендер мен минералдардың жетіспеушілігі, мысалы, кальций мен D дәруменінің тапшылығы, туа біткен ерекшеліктер, тіндердің мықтылығын бұзатын генетикалық аурулар (мысалы, «шыны бала» ауруы), ішкі қабынулар немесе ағзадағы басқа да жасырын созылмалы процестер.

Ата-аналар неге назар аударуы керек?
Патологиялық сынық қарапайым көрінгенімен, оның салдары ауыр  болуы мүмкін. Егер балада мына белгілер байқалса, тез арада дәрігерге көрініңіздер: жарақат қатты соққысыз-ақ болса, бала құламай тұрып та қолының немесе аяғының сыздап ауыратынына жиі шағымданса, соғылған жерде ісік пен көгеру бірден пайда болып, қатты білінсе, жеңіл соққыдан кейін бала аяғын басудан немесе қолын қимылдатудан бас тартса. Не істеу керек?
Ең бастысы — үрейге бой алдырмай, баланы міндетті түрде  травматолог-ортопед дәрігерге көрсетіп, рентген жасату қажет. Дәрігерлер үшін тек сынықты емдеп қана қоймай, оның негізгі себебін табу және емдеу маңызды,  сонда мұндай жағдай қайталанбайды.