Балалар ауруханасындағы мейірбикенің бір күні қалай өтеді? Бұл жай ғана жұмыс емес, бұл — үлкен жауапкершілік пен шексіз мейірімділік мектебі.

Мейірбике — кішкентай пациенттердің денсаулығын күзеткен нағыз қорғаушы періште. Мейірбикенің күні жылы күлкімен басталады. Себебі балалар үрей мен қорқынышты тез сезеді. Әр палатаны аралап, балалардың көңіл-күйін сұрау, қызуын өлшеу, дәрілерін уақытылы беру — басты міндет. Кейде жай ғана жылы сөз айтып, маңдайынан сипаудың өзі үлкен ем. Тіпті ең қиын укол мен капельницаның өзінде балаға білдіртпей, ауыртпай жасайтын де осы мейірбикелердің шипалы қолы. Олар дәрігердің нұсқаулығын бұлжытпай орындап, әр сәтті бақылауда ұстайды.

Аурухананың ең жауапты қызметіңің бірі — ота бөлімшесі. Мұндағы мейірбикелердің еңбегі ерекше. Олар баланы ең қиын әрі маңызды сәтке — отаға дайындайды. Кішкентай бүлдіршіннің бойындағы үрейді жеңу үшін олар тек медицина маманы емес, нағыз психологқа айналады. Дәрігерлерге сенімді тірек болып, әр құралдың тазалығы мен дайындығын мінсіз қадағалайды.

 Ауруханада тек бала емес, уайымдап отырған ана да қолдауға мұқтаж. Мейірбике — аналардың көңілін жұбатып, сенім ұялататын алтын көпір. Баланы ота залына шығарып салып, есік алдында тағатсыз күткен анаға жылы сөзбен демеу болатын да осы жандар. Балалардың жүзіндегі күлкі, жазылып шыққан әр бүлдіршіннің қуанышы — мейірбике еңбегінің ең үлкен жемісі мен бақыты. Мейірбикелеріміздің мейірімді де шипалы қолдары dертке дауа бола берсін!