Түрлі жүйке жүйесіндегі ауру белгілері балалар мен жасөспірімдердің бойынан да қылаң беруде. Оны қалай байқамыз, қандай белгілері бар осы және басқа да сұрақтарға жоғары санатты дәрігер-невролог, м.ғ.к. дәрігер-реабилитолог Жұмашева Бағила жауап береді.
Бағила Игілікқызы, балаларда неврологиялық аурулар қайдан пайда болады?
Мұндай жағдай болмас үшін анасы жүктілік кезінде де, босанғаннан кейін де дәрігердің бақылауында болуы тиіс. Себебі, жүкті әйелдің басынан өткеретін барлық жағдай баланың денсаулығына тікелей әсер етеді.
Балаларда қандай неврологиялық аурулар жиі ұшырасады?
Перинаталдық зақымдану, орталық және шеткі нерв жүйесінің қабынуы және туа біткен неврологиялық ақаулар, тұқым қуалаушылық жолымен берілген генетикалық ауруларда аз емес. Аурудың түріне қарай оның емі де, тәсілі де түрленіп отырады. Мысалы, жүйке жүйесі ауруларын емдеу барысында МРТ, компьютерлік томография, электромиография сынды заманауи технологиялық аппараттардың қызметіне жүгінеміз, әрине, классикалық әдістерді де басты назарда ұстаймыз. Бұларға қоса, генетикалық зерттелімдер де қатар жүргізіледі, осы мақсатта түрлі сараптамалар тағайындалады.
Диспансерлік есепте тұрған балаларға арнайы жеңілдіктер бар?
Негізінен «Д» есептегі балаларды белгіленген уақытта кезектен тыс қабылдап, ақысыз берілетін дәрі-дәрмектерінің мезгілінде қолына тигенін қатаң бақылаймыз. Тиесілі көмектің бәрі еш кідіріссіз атқарылады. Әрине, кейде геосаяси жағдайларға байланысты күтпеген кедергіер туындап қалатыны да бар. Ол жағдайда өз ара түсіністік орнатып, баланың ата-анасы, қамқоршылары т. б. жанашырларымен бірігіп тығырықтан шығар жол іздейміз.
Баланың құрсақта жетілуі аса маңызды болып тұр ғой?
Дені сау сәби сүйгісі келгендер жүктілікті жоспарлап, алдын ала болашақ әке де шеше де дәрігерлік тексерістен өткені өте дұрыс. Бойында түрлі созылмалы немесе тұқымқуалаушылық дерті көп адамнан қандай ұрпақ жаратылады? Тиісті тағайындалған ем-домды тыңғылықты қабылдап, ағзаны құнарлы таза тағаммен қуаттандырып, түрлі дәрумендермен әрлендіріп алғандары жөн. Ал, баланы тәрбиелеу ісіне екеуі тең жауапты. Бала әке мен ананың тәрбиесін тең көріп өссе оның жүйкесі де тең әрі тез жетіледі. Осындай елеусіз, көп ескеріле бермейтін мәселе негізінен алғанда ең басты, ең күрделі және ең негізгі дені сау бала денсаулығының кепілі.
