2025 жылы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында көпсалалы облыстық балалар ауруханасының тәулік бойы оңалту бөлімшесінде кішкентай пациенттерге арналған «Ойын бөлмесі» ашылды. Осынау өскелен ұрпаққа деген мейірімділік пен ізгіліктің айғағы болған әлеуметтік жоба Израиль Мемлекетінің Елшілігінің қолдауымен жүзеге асырылды. Күрделі сый балапандарды қуанышқа бөлеп, денсаулықтарын нығайтуға өз үлесін қосатыны сөзсіз.







Салтанатты шараға Ақтөбе қалалық Мәслихатының төрағасы А.Н. Даржанова, Мәслихаттың әлеуметтік комиссия төрағасы Ж. Ахаш, жоба үйлестірушісі Т. Ким, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысының орынбасары А.Қ.Аманжолова, аурухананың басшысы Н.Н.Кожин, басшының орынбасары С.Б.Талипова қатысты. Дәстүрлі «қызыл лента кесу» рәсімін өткізген Мәслихат төрағасы Анар Нұрлыбекқызы аурухана ұжымын, ем қабылдап жатқан балапандармен ата – аналарын Тәуелсіздік күнімен құттықтап, Израиль Елшілігіне шынайы алғысын білдірді.
Облыстық балалар ауруханасының тәулік бойы оңалту бөлімшесі бүгінгі күні мүмкіндігі шектеулі балаларға неврология, нейрохирургия, травматология – ортопедия бағыттары бойынша арнайы халықаралық стандарттарға сәйкес реабилитациялық көмек көрсетуде. Кішкентай бүлдіршіндеріміз оңалту емінің барлық түрімен қамтылған: оның ішінде емдік денешынықтыру, кинезиотерапия, физиотерапиялық ем, массаж, эрготерапия, нейросенсорлық терапия, гидрокинезиотерапия (бассейн), гелиотерапия (тұзды шахта), психолог, логопед – дефектолог мамандарының түзетуі т.б. Бөлімше Швейцария, Польша, Чехия, Ресей мемлекеттерінің заманауи медициналық техникасымен жабдықталып, тәжірибелі мамандармен қамтылған.
Облыстық балалар ауруханасының ұжымы Израиль Елшілігіне және Ақтөбе қалалық Мәслихатының төрағасы А.Н. Даржановаға, әлеуметтік комиссия төрағасы Ж. Ахашқа, жоба үйлестірушісі Т. Кимге, балалар денсаулығын қорғау жолындағы қызметтері үшін ризашылығын білдірді. Бүгінгі күні «Ойын бөлмесі» балалардың сүйікті бөлмесіне айналып, денсаулықтарының жақсаруына өз үлесін қосуда.
