Балалар жылы
Облыстық «Ана мен бала» орталығы бастамасымен құрамында ауыл тұрғындарының қолы жете бермейтін мамандар енген арнайы топ аудан-ауылдарды аралай бастады. Алғашқы сапар Темір ауданына түсті.
— Бұл ауданда 12 мыңнан астам бала бар, олардың 1436-сы — жасөспірімдер. Осылардың ішінде 1216 бала түрлі аурлар бойынша арнайы есепте тіркелген. Біздің мақсатымыз — жер шалғайлығына орай «шектеулі» медициналық мамандардың арнайы тексерісін өткізу, кеңес беру. Аудан орталығымен қатар, Шұбарқұдық, Сарыкөл және Кеңқияқ елді мекендерін аралап шықтық. Біздің мамандардың әрқайсысы күн сайын орта есеппен 30 бала қабылдап, оларға алғашқы дәрігерлік жәрдем жасады, ауру белгілері алғаш рет анықталғандар арнайы есепке тіркелді. Балалармен қоса ата-аналармен түрлі жұқпалы дерттен сақтану шаралары жайында, оған қарсы екпелерді қабылдау жөніндегі үгіт-насихат, түсінік жұмыстарын да атқардық, себебі, осы ауданның тұрғындары арасында екпеге қарсылық білдірушілер саны көп болып тұр, — дейді топ жетекшісі, балалар дәрігері Марияна Темірғалиева.
Орталық дәрігерлері сондай-ақ денсаулық жағдайы күрделі сырқаттарды оңалту, балаларды стационарда емдету, скринингтік тексерістің маңызы туралы бірқатар шараларды жүзеге асырды.
Невролог-маман Ақжібек Есқали аудан бойынша 177 балаға қабылдау жасады, талма ауруына ұшыраған балалардың ем-домына қажетті өзгертулер енгізіп, сал ауруы бар балаларды жылына 2 рет оңалту орталықтарына жіберу жайында кеңес берді.
Хирург дәрігер Антон Гутарев ер балалар арасындағы дерттің түрлерін анықтап, ота жасату жайында бірнеше нұсқау берді.
Ауыз қуысы, құлақ аурулары дәрігері Светлана Қаусова қабылдау-тексеруден соң бір жасқа дейінге бірнеше сәбиге жедел жағдайда ота жасады.
Ал, жарақат дәрігері Қуантай Махамбетов тексерген 60 баланың арасында кейбір туабітті сырқаттар анықталды.
Міндетті әлеуметтік сақтандыру бойынша созылмалы аурулары бар балаларға арналған оңалту шаралары жайында тұрғындарға түсінік берілді.
— Бұл шара денсаулық сақтау саласындағы игі қадам болды. Балалар арасындағы бірқатар сырқаттар анықталып, ем жасала бастады. Кейбір балаларда белок қуатының кемдігі, қан аздығы байқалды. Сонымен қатар ата-аналармен әңгімелесу, оларды мазалаған сұрақтарға жауап беру жүзеге асты. Аудандағы балаларға гастроэнтеролог, эндокринолог, педиатр, невролог мамандарының кеңесі аса қажет екендігі және жедел түрде гематологиялық зерттеу жұмыстарын атқару үшін медициналық құрылғылар мен УЗИ маманы аса қажет екіндігі де анық болды, — дейді аудандық аурухананың бас дәрігері Сержан Жанахметұлы.
Іңкәр ЖИЕНАЛИНА.
Источник: https://aqtobegazeti.kz/?p=110464