Кеше көпсалалы облыстық балалар ауруханасында ,, Әріптестерді еске алу » спорттық турнирі салтанатты ашылды. 2022 жылы М.Оспанов атындағы БҚМУ балалар хирургиясы кафедрасының бастамасымен өткізіле бастаған турнир бүгінгі күні үлкен дәстүрге айналды.
Турнирдің мақсаты — 50 жылдан астам терең тарихы бар, облыстық балалар ауруханасының ірге тасын қалаған және аурухананың дамуына үлес қосып, қызмет жасаған әріптестерімізді еске алу.
Салтанатты шараға қатысқан ,,Qamqor» облыстық медицина қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы төрағасының орынбасары Г.Г.Ашықбаева турнирдің ұйымдастырушы комитетіне өз ризашылығын білдіріп, сайыскерлерге сәттілік пен жеңіс тіледі. Сонымен қатар, марқұм әріптестеріміздің туған — туыстарыда лебіздерін айтып, ризашылықтарын білдірді.
50 ден астам аурухананың қызметкерлері қатысатын турнир спорттық сайыстың 5 түрінен өткізіледі: дойбы (шашкі), шахмат, теннис, нарды,минифутбол.
Турнир ойындарының бірінші қадамын М.Оспанов атындағы БҚМУ хирургия кафедрасының профессоры, медицина ғылымының докторы, балалар хирургиясы саласының ірге тасын қалаушыларының бірі, Болат Қанапияұлы Дженалаевпен облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері, медицина ғылымының кандидаты Нұрлан Нұрқасынұлы Кожин шахмат сайысымен бастады.
20 күн өткізілетін турнирдің жеңімпаздары ,,Медицина қызметкерлері күні» мейрамында жарияланып, марапатталады.