Вы сейчас просматриваете Құрметті медицина қызметкерлері!

Құрметті медицина қызметкерлері!

Қадірлі ақ халатты абзал жандар!

Елімізде маусым айының үшінші жексенбісінде Медицина қызметкерлері күні. Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын!

Сіздер – адам өмірі мен денсаулығы үшін аянбай еңбек етіп жүрген ең жауапты әрі ең құрметті мамандық иесісіздер. Күн демей, түн демей, науқастың жанын аман алып қалуға күш салып, үміт үзгенге өмір сүруге құлшыныс сыйлайтын сіздердің еңбектеріңіз – шынайы ерлік.

Денсаулық – баға жетпес байлық. Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде, оның ішінде Ақтөбе облысында да халыққа сапалы медициналық көмек көрсету бағытында ауқымды жұмыстар жүріп жатыр. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында жаңа нысандар салынып, емханалар жөнделіп, заманауи техникамен жабдықталуда. Жас мамандарға қолдау көрсетіліп, ауылдарға дәрігерлер тартылуда. 40 жас маман ауылдағы ағайынға қызмет көрсетуге жолдама алды. Мұның барлығы – халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадамдар. Біздегі өмір сүру ұзақтығы — 75,18 жас.

Биылғы мереке қарсаңында 15 медициналық ұйымға жаңа жедел жәрдем көліктері жеткізілді, 4 дәрігерге қызметтік пәтердің кілті берілді. Сондай-ақ сала үздіктері түрлі деңгейдегі марапаттарға, «Ерен еңбегі» медаліне, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісіне, министрлік пен әкімдіктің алғыс хаттарына ие болды. Бұл – ақ халатты абзал жандарға деген құрметтің нақты көрінісі.

Сала маған ерекше жақын, оның қадірін өз басым жақсы білемін. Себебі менің анам Люба – өмір бойы медицина саласында тер төккен жан. Оның ақ халатты абыроймен алып жүрген жылдарын көріп өстім. Сондықтан сіздердің әр күнгі ерен еңбектеріңізді жақсы түсінемін әрі шын жүректен құрметтеймін.

Медицина – жүрекпен ғана атқарылатын қызмет. Сіздердің әр науқастың жанын түсініп, оларға мейіріммен қарайтын көзқарастарыңыз – қоғам үшін өлшеусіз құндылық.

Құрметті ардагерлер, сіздерге де ерекше алғыс. Өңіріміздің денсаулық сақтау жүйесінің іргесін қалап, кейінгі буынға сара жол қалдырдыңыздар. Тәжірибелеріңіз – бүгінгі күнге жеткен үлкен мектеп.

Баршаңызға зор денсаулық, амандық, қажырлы еңбектеріңізге береке мен табыс тілеймін!

Медицина қызметкерлері күні құтты болсын!

Ел аман, жұрт тыныш болғай!